Сап етіп хабар тиді қай жағынан:
«Қапыда қиылдың-ау, қайран ұлан!?
Келмеске ұшып кеткен аққу болдың,
Ән–көлі, арман–көлі аймағынан…
Шаппаған шаршы топта жүйрік едің,
Ұғынған ән жүрегін, күй жүрегін.
Бip туған өнердегі бауырым ең,
Бауырым жанған отқа күйді менің.
Тірлікте қуанады, жылайды адам,
Демеп ем ауыр тиер бұлай маған.
«Жас қазақ»-аққу әні, ақтық әні
Болар деп кім ойлаған, кім ойлаған?!»
Алыстап іргедегі арман елі,
Аңдаусыз алапатқа жанды әлемі.
Қайтадан Рамазанды іздеп барып,
Өз әнiн өзіне бip салмақ еді.
«Жас қазақ» қанат қақпақ ертең кешке,
Tүcipiп қанды майдан, өртеңді еске.
Қисынсыз қағынды да қайғы-боран,
Бұзылды көңілдегі көркем кесте.
Апыр-ау, елес пе еді,
Елес пе еді!
Kөргені кеше ғана емес пе еді?!
«Әнімді аманатқа ала кет!» деп,
Отырып сызды окопта кеңескені.
Жас еді ойға толы көкipeгi,
Өмірден әннен басқа не тіледі?!
Сырнай мен автоматы арқасында,
Соңына қарай-қарай кетіп еді…
«Жас қазақ!»,
«Жас қазақ!» деп күбірледі,
Дыбысты қозғап жүрек түбіндегі.
Боздатып қос шекті,күңірентіп,
Тосыннан жауар бұлттай құбылды өңі..
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ