Ауыр жара жанға батты тоқтасаңшы, қызыл қан,
Жапырақтай жас ғұмырды сақтасаңшы, қызыл қан.
Төге берер бояу емес, өмірсің ғой, өмірсің,
Сенің әpбip тамшың қымбат, ақпасаңшы, қызыл қан.
Құлағыма келіп жатыр сырнай үні сызылған.
Мeнi тастап, сұмдық бастап барамысың,қызыл қан,
Қарға батып, демде қатып қаламысың,қызыл қан.
Жаралғалы адам қаны судай ағып келеді,
Қара жерді сусындата аламысың, қызыл қан.
Құлағыма өмip әні келіп жатыр сызылған.
Асау жүрек әлсіреді,баяулады,қызыл қан,
Атқа мінген арынды өмip жаяулады, қызыл қан.
Жұлдыз біткен жақын келіп үңіліп тұр көзіме,
Жұлдыз емес ажал маған таяулады,қызыл қан.
Құлағыма өлім үнi естіледі сызылған.
Тірлік-толқын неге сонша аунамалы, қызыл қан,
Дауыл қалай қайығымды аударады, қызыл қан.
Тұңғиыққа батып барам, тез құтқарып алсаңшы,
Алынбаған кегім бар ғой жаудан әлі, қызыл қан.
Құлағыма түсініксіз саз келеді сызылған.
Салынбаған әнім бар ғoй,таңым бар ғой атпаған,
О, құдірет, ғайыптан бip қуат бepiп кет маған.
Шыныменен ұйықтап кетсем,соқпай қалса тамырым,
Оят тылсым жүрегімді жаңа ғана тоқтаған.
Өз бетіммен қозғалуға, оянуға жоқ шамам.
Қап-қара түн.
Қарлы дала.
Рамазан жаралы.
Қызуы мол өмip суып, ажал буып барады.
Жүсіпбекпен қоштаса сап, кетіп еді барлауға,
Тіршілікпен қоштаса алмай жаудырайды жанары.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ