Арзандаса адамдықтың нарқы шын,
Қайран өмiр тартады екен талқысын.
Ел тағдырын саудалады сатқындар,
Мансап үшiн,
Байлық үшiн,
Даңқ үшiн.
Алауыздық тұралатып ақыры,
Надандықтың қатты батты тақымы.
Кейбiреудiң жауы досқа айналып,
Кейбiреудiң жатқа айналды жақыны.
Дүлей дүние, тiлi мылқау, көзi жоқ,
Басы қатты даңғазадан мезi боп.
Безбүйректер бүлк етпестен безердi,
Аш қасқырдай өз бауырын өзi жеп.
Сұмпайылар маңайына у төккен,
Сөйте тұра аузын сүрттi қу шөппен.
Шыр айналдым қарлығаштай шырылдап,
Қалың өртке қанатымен су сепкен.
Жалпақ жұрттың жүрегiне жара сап,
Қара нардай басқан кезде алапат,
Қаратаудай күңiренiп сөйледiм,
Сөзiмнен бiр тие деп шарапат.
Хан мен бектер өздерiнше iсiнер,
Ел болмаса,
Сөзiңдi кiм түсiнер?
Қызыл тiл де қызған темiр секiлдi,
Тиген жерiн қолдыратып түсiрер.
Таяқ сiлтеп сәби-елдiң етiне,
Ұрындырса суық желдiң өтiне,
Қып-қызыл боп қызған темiр тiлiмдi
Быжылдатып бастым ханның бетiне…
Қайсы бiрiн айта берем бiрақта,
Ұшып кеткен елес-құспын жыраққа.
Менiң жырым қалған мәңгi жазылып,
Тау, далада,
Өзен-көлде, бұлақта
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ