СЕГІЗІНШІ ДАУЫС

Мен–тiрлiктiң тiрегiмiн–анамын,
Жарық күннен мейiрiмдi жанарым.
Жығылғанды көкiрегiммен сүйедiм,
Жыртылғанды жүрегiммен жамадым.
Құлдыраса құлын–өмiр дауысы,
Қызыл отқа ең алдымен жанамын.
Өмiр–сiрә аяқталмас зор майдан,
Майдан барда тап болмасын сор қайдан?
Ердi көрдiм,
Намыс туын жықпаған.
Ездi көрдiм,
Күнi төмен торғайдан.
Заман көрдiм,
Каhар шашқан қылыштан.
Адам көрдiм,
Арпалысқан, жұлысқан.
Дала көрдiм,
Отқа өртенiп, құрысқан.
Қала көрдiм,
Быт-шыт болып күлi ұшқан.
Бала көрдiм,
Бесiгiнде күрсiнген.
Дана көрдiм,
Қасiреттен құнысқан.
Қуаныштан болды дәйiм қайғым зор,
Азабымды арқаласты ай-күндер.
Мен күрсiнсем, күңiрендi алып тау,
Мен егiлсем,
Еңiредi айдын көл.
Тiрлiк үшiн–сәбиiмнiң жаны үшiн,
Қайыр тiлеп нан сұрадым, жайдым қол.
Қаусатты да қабырғамды қатал күн,
Әз ана едiм, қайыршы әйел атандым.
Қайран өмiр саудаланды қанша рет,
Жендет пенен қолыңда алыпсатардың.
Бiреуге–көл,
Бiреуге шөл уақытта
Ғұмыр кештiм, жете алмадым бақытқа.
Арсыз дүние талайларды арбады,
Айналды да алтын менен жақұтқа.

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *