Өшкендердi мың қайтара тұтаттым,
Үзiлгендi мың қайтара жалғадым.
Қарамайды уақыт аш пен тоғыңа,
Назар салмас барың менен жоғыңа.
Осқылады миллион жылдар дойыры,
Көнi қалың көнбiс жердiң жонына.
Талқандаумен тастай қатты сорымды,
Қолым тозып, көбелерiм сөгiлдi.
Алғашында бәрiн жерден алып ем,
Жерге бердiм қанымды да сөлiмдi.
Ашыққанның өзегiне нәр бердiм,
Алысқанның бiлегiне әл бердiм.
Жоғалмайды жер бетiнен көлеңкем,
Менiң жаным уызында дәндердiң.
Жердiң менсiз, менiң жерсiз жоқ күнiм,
Тiлеймiн тек тiршiлiктiң тоқтығын.
Құдірет күшi құйттай ғана дәндердiң,
Биiктетiп келедi өмiр шоқтығын.
Шымылдығын түрiп әрбiр таңдардың,
Ғасырлардың тың қыртысын аудардым.
Күс-күс қолым-қан тамыры тiрлiктiң,
Өмiр–нан ғой, нан бар жерде мен бармын.
Нан–үмiтiң,
Нан–шаттығың,
Нан–қайғың!
Соры да–нан,
Терi де нан маңдайдың!
Арың да–нан,
Жаның да–нан,
Қаның–нан!
Нансыз өмiр бар дегенге нанбаймын.
Жайқалғанда жер бетiнде көк егiн,
Сонда өзiмнiң келбетiмдi көремiн.
Тiршiлiктiң тасқа соқпай арбасын,
Мен өмiрдi алға сүйреп келемiн…
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ