ДАУЫСТАР

-Ей, жiгiтiм, сал құлақ,
Бiздер қатқан қу баспыз.
Сүйегiмiз саудырап,
Орнымыздан тұрмаспыз.
Артқа мойын бұрмаспыз,
Ендi қайтып тумаспыз.
Баяғыдай ай жүзiмiз албырап,
Жанарымыз қарақаттай жаудырап,
Сауық-сайран құрмаспыз,
Асқақ арман қумаспыз.-
Тұңғиыққа батқан қара тастармыз,
Өмiр-бақи жылжымас.
Ақ сөңке боп қурап бiткен бастармыз.
Ғайып болған жым-жылас.-
Үңiрейген мынау көздiң орнында,
Маздаушы едi ұлы өмiрдiң жалыны.
Бiр сөнбесiн, бiр сөнгесiн ал мұнда,
Жарқ етпейдi тiршiлiктiң жарығы.-
Жер астына түсiп кеттiк мәңгiлiк,
Жарық күндi жер бетiне қалдырып.
Жалт еттi де жарқын өмiр соңғы рет,
Бәрi, бәрi қалды ұмыт…-
Судай тасып ағып ек,
Топыраққа судай сiңiп жоғалдық.
Аз ғұмырда арпалысып бағып ек,
Ойсыз көрге оп-оңай омалдық..

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *