БАС СҮЙЕКТЕР

О, адамдар,
Бiр сәт тыным алмастан,
Жер бетiне кезек келiп, алмасқан,
Аз ғұмырда арпалысқан талмастан,
Ғасырлардың жағасына жармасқан.
Бал тiрлiктiң ләззатына қанбастан,
Пенделiгiң қалмастан,
Бiр-бiрiңдi алдасқан,
Бiр-бiрiңмен арбасқан…
Қолдарыңда кетпен емес көбiрек
Асыр салған алдаспан!..
Ғасырларды сiлкiп қалсам шаң басқан,
Шошынамын өз көзiме нанбастан.
Бiр ғасырлар қолы шолақ, көзi жоқ,
Бiр ғасырлар шойырылған жамбастан.
Бiр ғасырлар әрең тұрар орнынан,
Басы-көзiн қан басқан…
О, ғасырлар шыңырауында жатқандар,
Тiрлiк дәмiн татқандар:
Гүлжазира нұрлы жердiң бетiнде,
Сайран салып, ойнап күлiм қаққандар…
Қалқан болып от пен оқтың өтiнде,
Арпалысып баққандар…
Бiр келетiн мынау шолақ ғұмырда
Мол береке тапқандар…
Мұрша болмай артқа мойын бұруға,
Жұлдыздайын аққандар…
Қара түнде алаудай
Жүрек отын жаққандар…
Желсiз күнгi жалаудай
Ауыр ойға батқандар…
Тағдыр жүгiн өз мойнына артқандар…
Жанды тербеп махабаттың бал әнi,
Жар қайғысын тартқандар…
Маңдайына сыйғыза алмай даланы,
Жер қайғысын тартқандар…
Алып қырды алшысынан басқандар,
Таралғыны тоғыз қабат таққандар,
Жердi солқылдатқандар,
Өз отанын сатқандар,
Өз халқына опасыз оқ атқандар…
Сүттей таза дүниеге
Қара күйе жаққандар…
Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ,
Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап.
Сансыз келбет елестейдi көзiме,
Сағымдардың арасынан бұлдырап

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *