«АЛҚА»-ұлтжанды қазақ жазушыларының шығармашылық ұйымы. Қазан төңкерісінен кейін көркем әдебиеттен де таптық принципті талап ете бастаған кезде қазақ қаламгерлерінің оған қарсылық, балама бағыт ретінде құрмақшы болған шығармашылық ұйымының бағдарламасын М.Жұмабаев бастаған алашшыл ақын-жазушылар 192-4 ж. дайындап, сол кездегі көрнекті қаламгерлерге қолдан көшіріп 16 данасын пікір білу мақсатымен таратқан. «А-ның» бағдарламасын Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Дөнентаев, Ж.Тілеуұлы, Е.Омаров, ЕАлдоңғаров, Ж.Сәрсенбіұлы т.б. қазақ зиялылары, мәдениет-әдебиетқайраткерлері қолдаған. Сәдуақасұлы бағдарламаны «Еңбекші қазақ» газетіне жарияламақшы да болады. Бірақ РКП(б) ОК-ның 1925 ж. 18 маусымдағы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясат туралы» қаулысы негізінде Ресей пролетариат жазушыларының қауымдастығы (РАПП) құрылып, оның жергілікгі жердегі бөлімшесі ретінде 1925 ж. 12 шілдесінен Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы (ҚазАПП) жұмыс істей бастады да «А-ға» қатысы бар ақын-жазушылар «ұлтшыл» ретінде қуғынға ұшырады. Сөйтіп «А-ның» шығарм. ұйым ретінде құрылып, жұмыс жасауына мүмкіндіктер берілмеді. Қолжазба күйінде сақталып қалған «А-ның» бағдарламасы «Әдебиетіміз», «Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшілдік һәм әдебиет. Не жазуға» деген негізгі бес бөлімнен тұрады. «Табалдырық» аталған кіріспесі «Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол» -деген жолдармен басталады да қазақ әдебиеті қандай жолмен дамуы керек деген сауалға жауап іздейді. «Қазақ әдебиетінің алыбы Абайдың» ақындығын аса жоғары бағалап, қазақ әдебиеті өзінен үлгі алатын дәрежеге жеткен жоқ деген сияқты солақай пікірлерді теріске шығарады. Төңкерістің қазақ даласына сырттан әкелінгендігі, сол себепті де қазақ әдебиетінің төңкерісті жырлауына негіздің жоқтығы «ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүру керектігі» айқын айтылды. «А-ның» алған бағытының өміршең болғандығы ұлттық әдебиетіміздің даму тәжірибелерінен көрініп отыр.