Бірге жүріп өзіңді бір қыс көрмей

Бірге жүріп өзіңді бір қыс көрмей.
Күз де бітті, ырқыма тұрмыс көнбей.
Өзіңді ойлап жүремін өткен шақта,
Қылмыс орнына оралған қылмыскердей.

Қала тұрғызуға жетерлік бір басымда,
Күнəлəрім көңілде тұрмасында…
Жыламашы, жылауың — екінші өлім,
Мəңгіліктің архитектурасында!

Жалғыздығымның бүгінде беті қарап,
Жыртылған сезімімді екі жамап,
Кірпіктерің қадалар ауаға да,
Содан соң түсіме ендің екіқабат.

Əкелдің жүрек дейтін өңірге леп,
Ұшырады хаттарын көңіл — дерек.
… Ұмытармын өзіңді, бірақ, оған,
Тағы да бір өлім мен өмір керек!

Соңыра жұлдыздарын санамақ Түн.
Жүрегіңе кеп өлуді қаламақпын.
…Ғаламыңда шалынып Қаламыма,
Уақыт төсінде сырғанап бара жаттың…

 

Әділет Шопен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *