Кешқұрым…
Кеңседен соң сағынамын.
Будақтаған түтінін қысқы ауылдың.
Бауыр баспай қалаға, тағы* жаным.
Қиын жаққым келеді қыстауыңның…
Жұлдыздары жанатын жүрегімде,
Түнгі аспанның жылт еткен
Шоғын үрлеп.
Айға қарап тілеймін,
Бұл өмірден
Бір шам жанса, жалғанның
Жоғын іздеп…
Мынау қала, «жұлдызы» көп
шамы жарық,
Жанартауын жанымның
Жаға алмайтын.
Арманымның бұл күнде
бәрі ғаріп.
Терезесін тентек те қаға алмайтын.
Көршім де сыры — құлып,
сырты — сырбаз,
Шақырмасам келмейтін.
Бара алмайтын.
Кеш болса,
ауыл жақтан бір самал кеп,
Жанымда мың сағыныш алаулайтын…
Бір терезе байқаса,
шам жанбаған,
Күн қайда,
бүкіл ауыл алаңдайтын?!
Шынар Кендінқызы.