Әр нәрсенің болмысына бір құдірет себепкер

Әр нәрсенің болмысына бір құдірет себепкер,
Асыл сөздің әулиесі, сен де маған медет бер!
Қысылғанда жалбарынып, аруағыңды шақырдым,
Сен болмасаң, көні кепкен қу медиен тақырмын.
Көз жіберсем, қалың нөпір–ұлы көштің жоқ ұшы,
Оң мен солым ала шапқын–ақ пен қара соғысы.
Мен де соның ішіндемін тіршіліктен күскенше,
Ырғай мойын, бейбақ басты семсер қиып түскенше.
Тәубе, нысап жұрдай жерде опа табар ел қайдан,
Бәз-баяғы өзің көрген сол арпалыс, сол майдан.
Топыраққа оранғанша көрмейді бір жан маза,
Айғай-шудан құлақ тұнар, аспан асты–даңғаза.
Ғасырлардың қойнауынан зар дауысың жетсе де,
Табанымды бастырмайды кірген шөгір өкшеге.
Қалт-құлт етіп заманым тұр ұстараның жүзінде,
Қияметтің қылкөпірі жатыр өткен ізімде.
Қорқыныштың көлеңкесі қылаң беріп кейпімде,
Шоққа түскен шегірткедей шырқыраймын кей түнде.
Бір көргеннен білінсе егер бақытыңның кемдігі,
Кімге керек ұлан-байтақ мекеніңнің кеңдігі?
Азынайды үмітімнің иен қалған қорасы,
Сырғи-сырғи маған жетті көз жасыңның сорасы

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *