ПЕРІШТЕМ

Күңгірт тартқан көңілімді жарқыратшы, періштем,
Таңның алтын шапағындай тазарайын мен іштен.
Қайғырмайын, сараң тұрмыс қақсын мейлі шөміштен,
Қай мұратқа жеткізеді ессіз тойып, жеп-ішкен?
Рухымның падишасы, тұла бойың тұнған нұр,
Парасаттың мейіріміне шөлдегенде бір қандыр.
Жаным менің жаратылған сенің сиқыр сәулеңнен,
Тылсым төрін тынбай шарлап, пәни мұңын жырлап жүр.
Ұшып-қонсам кінәлама орын таппай өмірден,
Көбелекпін нәзік гүлдей өз қанатын кемірген.
Пәле-жала ұшығынан сәбиіңдей сақтай гөр,
Рахаттың бесігінде рақымыңа семірген.
Өзің ғана сырын ұғар елес қуған кезбенің,
Өлсем, көрден тұрғызатын құдіретім–сөз менің.
Ей, періштем, көрінбесең есігінен пейіштің,
Бұлдыр үміт көлеңкесі үйіреді көзге мұң…
 
 
 

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *