Жетегінде қиялдың,
Ердім елес соңынан.
Кейде өзімнен ұялдым,
Өз құнымның жоғынан.
Мүнарасы Мысырдың
Көрінгендей елірдім.
Қашпай қалған қысырдың
Уызына семірдім.
Бар-жоғымды ұмытты,
Жүйрік жылдар жел қуық.
Ұшып-қонған үмітті,
Жете алмадым мен қуып.
Таң атқанға-күн батқан,
Тірі жан бір өлмей ме?
Сөз сауғанға тіл-жақтан,
Берсе, маған бермей ме?!
Жыр баласы-жетімек,
Мен Тәңірі тұтсам да.
Жарқ етпеді көкірек,
Найзағайды жұтсам да!
Шамырқанған көңілде
Шаңқылдайды ақ бүркіт.
Көмейімнен өмірге
Кетсем бе екен от бүркіп!..
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ