Өлеңімнің жолын жапты,дөңбек тастап әлдекім,
Тоған бұзар тасқын сөзім бұлқынады ал менің.
Тағдырымның кіріптар ғып қойғанын-ай тақысқа,
Тақуадай тұқырайған астындағы сәлденің.
Мен санасам саусағымды, ол бақайын санайды,
Маймақ аю секілденіп май табанын жалайды.
Қарсы алдында тұрған жанды ту сыртынан көргендей,
Тоңқаң қағып екі бұттың арасынан қарайды.
Сасық мансап қоңсығына танауы әбден үйренген,
Иіскемесе ауырады күл-қоқысты қи көмген.
Инабаттың ізі түгіл көлеңкесі түспеген,
Оның беті бүлк етпейді,менің жүзім күйгенмен.
Ауыздағы адалдығы еріндегі ұшықтай,
Жымырайған кейпі жаман ін аңдыған мысықтай.
Итке өкпелеп, жыртық тонды битке тастап қайтемін,
Есім барда жөн табайын, иегімді қышытпай.
Қараңғы аспан көкірегін оятпаса нұр жағып,
Қан сорпа боп керегі не, қызыл сөзді құр бағып.
Гуілдеген жел тұрмай-ақ, асау толқын ұрмай-ақ,
Зәнталақтың диірмені айналады зыр қағып.
Қашан көрсең отырғаны қара тастан тартып ұн,
Қалдырмас-ау бұл түрімен дүниенің тамтығын.
Сөндірердей самаланы шайқап-шайқап қояды,
Шырайналған көбелекгей күңгірт тартқан шам түбін.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ