Оу, жылдар, желікпегін, желікпегін,
Көңілді өмірге іңкәр жерітпегін.
Барасың қайда, қайда құйыңдатып,
Қосарлап қос күреңді жегіп пе едің?
Жетеді екпініңе еліккенім,
Қуудан қызығыңды зерікпедім.
Ұршықтай зыр айналған дөңгелегі,
Мәңгілік тоқтамайтын көлік пе едің?
Жүргем жоқ рахатыңды көріп тегін,
Пенденің дегеніне көніп пе едің?
Бөкендей анадайдан үркіп қашпай,
Бір мезет алдыма түс желіп менің.
Көрдік қой асыққанда не біткенін,
Басымды зеңітпегін, зеңітпегін.
Келгенде зымырауға кереметсің,
Сүтіне самұрықтың жерік пе едің?
Білмеймін дүние неге тебіткенін,
Себебін айтшы онан да, көріпкелім.
Беймәлім бағытың да, бағдарың да,
Белгісіз кеңістікпен серік пе едің?
Бір таудың елігі едім, көрікті едім,
Оқ тисе тұяғымды серіппедім.
Біздерге тарлық етсе мына өмірдің
Іргесін сәл-сәл неге кеңітпедің?
Асауым, желікпегін, желікпегін,
Желігіп сұм жалғанды жеңіп пе едің?
Тасыған су аяғы құрдым болар,
Құрдымның салындысын теріп пе едің?.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ