АУЗЫҢА ИТ ТЕБЕДІ

Түссе де төбесінен құлап аспан,
Өлген бе торғай барда жылан аштан?
Өзегі қасқырдың да тала қоймас,
Жымып кеп, қой шетінен жұла қашқан.
Қылтиса қызыл сирақ жұт төбесі,
Күңіренген ақынға кім құлақ асқан?
Дөңге алып шыға алмайды желгенменен,
Көтерем астымдағы құла қасқам.
Түрінен тіксінесің мына күннің,
Тірсегін бұралқыдай бұра басқан.
Алдында ағайынның торығасың,
Есігін туған елдің жылап ашқан.
Табылмас аузын бүрген ала қоржын,
Арқасы алты қырлы бұл Алаштан.
Шашылған құмалақтай сай-салада,
Қазақтың күні ұқсайды бейшараға.
Сорының сорпасынан сораптайды,
Солқылдап салмақ түссе ой-санаға.
Сабында саптыаяқтың–сары сайтан,
Безбүйрек бүлкілдейді тойса ғана.
Ібіліс елді ірітіп, жер шірітіп,
Шаптырар мамығыңа, майсаңа да.
Жоқтауы жеті өмірге жетерліктей,
Дауыс сап, қара шашын жайса дала…
Егілме енді ақыным, сен де аялда,
Кім білсін қиқымет тұр қандай алда?
Дөй-дала қаңғып кетпей, аңдып сөйле,
Орынсыз орғи бермес ор қоян да.
Бәрібір шіркей шаққан құрлы болмас,
Шекесі шегірендей көп жоянға.
Билігім жүретіні–жалғыз қалам,
Салатын мен жұмсасам жорға-аяңға.
Тапсырам тағдырыңды ақ қағазға,
Растап айтқаныңды, қол қоям да…

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *