Биыл елімізде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 99-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне ақы төленбейтін демалыс беріледі. Біздің негізгі міндетіміз белсенді жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасай отырып, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оның ішінде олардың еңбек әлеуетін ынталандыру. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшаларда орындармен қамтамасыз ету деңгейі 2019 жылдың соңында 98,5 пайызды құрағанын атап өткен жөн. Осы жылы Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда», — деді Асқар Мамин. Айта кетейік, Сенаттың бір топ депутаты Үкімет басшысына жолдаған ресми сауалдарында халықпен кездесулер барысында көпбалалы отбасылардағы балаларды тәрбиелеуден жұмысқа шығу мүмкіндігінің болмауына және көптеген ауылдық елді мекендерде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының болмауы мен жетіспеуіне байланысты жеті жасқа дейінгі баланы күтуді жүзеге асыратын тұлғаларға шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің бұрынғы тәртібіне қайта келуді өтініп жатқандығын айтады.
Толығырақ: https://www.inform.kz/kz/biyl-balabakshamen-kamtu-100-payyzga-zhetkiziledi_a3617958