Қара судан қаймақ алып, қамын ойлап құрсақтың,
Күннен-күнге асып түсті бір сатқыннан бір сатқын.
Сауысқандай жан-жағыма жалтақтаймын–тым сақпын,
Күштілерге–дәрменсізбін, тістілерге–жұмсақпын.
Жәрдем тілеп жар салғанмен бейшараны кім тыңдар,
Үміт оты түннің алыс түкпірінен жылтыңдар.
Періштелер құрығанда сайтан біткен құтырып,
Бұлттан шыққан күнге қарап, артын ашып жырқылдар.
Қарақұрым ібілісті құрта алмасаң не пайда,
Ит тұмсығы өтпес нуды сынық балта отайма?
Сандалумен күн өткізер соқыр теңге соңында,
Бой алдырған пақыр пенде арам пиғыл, жат ойға.
Тауық құсап жем терген соң іздеп дәннің ірісін,
Басың алтын болса-дағы бейшараның бірісің.
Кім разы ете алады еңіреген еліңнің,
Бақидағы өлісі мен пәнидегі тірісін?
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ