Мен емеспін елден ерек сүйген құлы Алланың,
Өмір өзі есептейді бергені мен алағанын.
Аузымды ашып аңырғанмен аспан жақтан түк түспес,
Саясында жатқан жоқпын мәулеген алманың.
Несібемді теріп жеймін арқа етімді арса ғып,
Төккен терім жыртық үйден саулағандай тамшы ағып.
Жұрағатым ит қосады қорасына кіргендей,
Көшесімен өте шықсам салдыр-гүлдір жар салып.
Діні басқа әңгүдіктер дігір салып түнімен,
Мылтық атса мыңқ етпейді құл ағының түбінен.
Үйде–қасқыр, түзде–мысық, қайран замандастарым,
Жан шошиды екі жүзді тірлігіңнің түрінен.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ