Сарғая сартап болған сүйегі ыстан

Сарғая сартап болған сүйегі ыстан,
Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.
Тіршілік кезі келмей сайратарма,
Мезгілсіз күн шығар ма, ай батар ма?
Қояңдай калтырады кайран өмір,
Жем болған қамаудағы айдаһарға.
Айналам сұстанады шашқан ызғар,
Көрсетпес көктем төбе жатса мұз,қар.
Үсікке ұрынғаным беп-белгілі,
Ақпанда жалаңаяқ басқан із бар.
Теңселтіп алай-дүлей қарлы боран,
Иілді үзілердей тал-бүғанам.
Қосымды қопаңдатып қоймаған соң,
Күнім жоқ қысқа жіппен шандымаған.
Батар ма қаққанменен тоңға қазық,
Ұрыдан үнем болмас қалған азық.
Көпшілік, көңіліңнен шыға алмадым,
Қайттым да асу-асу жолдан азып

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *