Запы қылды жәдігөйлер сырты жылтыр жылмағай

Запы қылды жәдігөйлер сырты жылтыр жылмағай,
Оқ атқанын аңғармайсың қай жағыңнан кім қалай?
Бақ пен сордай аралары ажырамас екі елі,
Қайда барсаң қосақтаулы бір қожайын, бір малай.
Атын ерттеп әуре болдым әумәсірдің жын ұрған,
Қысқа күнде құйындатып қырық мәрте құбылған.
Заман мынау қу мүйізін кезіктірсе құлжаның,
Аш қасқырдай аласұрып сілекейі шұбырған.
Тұрман бүтінделгенменен, түгелденіп мал-басы,
Тірлігіңнің сынбай қоймас өгіз жеккен арбасы.
Адам да бір Тәңірідей етікшінің қолында,
Күндіз-түні тықылдатып шеге қаққан балғасы.
Жұмыр басы сопаң етіп соғылады қайда ұрса,
Айдалаға қаңғып кетер жазатайым тайдырса.
Өлшеп-пішкен дүниеден артық дәулет дәметер,
Лақтырғанды қағып алып, жаутаңдаған маймылша

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *