Торғайдай миым тобықтай түйін түйе алмай,
Жастығым кетті сағымға сіңіп қиялдай.
Көшені кезген тәжіктің қайыршысындай,
Күндерден қайыр сұраймын енді ұялмай.
Сағыздай созса сағыныш мұңды сарғайтып,
Жарымас жаның жасырын сырды елге айтып.
Тасбақа тағдыр тапжылмай қойса табандап,
Күңіреніп жүріп, күн көрер екем мен қайтып?
Құтылар ма екем жалыннан ішті шарпыған,
Жөнеп бір кетсем жоғалған көштің артынан.
Тылсымнан бірақ таптырмас кісі киіктей,
Айырған дүние атаның дәстүр-салтынан.
Тербейді түпсіз тереңге тартқан толғаныс,
Бабама телі жайлаудың төрі ол да алыс.
Атылып келіп, алқымнан ала түсердей,
Елестеп көзге, алдымда тұрған жолбарыс.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ