Тарбағатай–туған жерім, алыс қалды аржақта,
Шыдар ма екен буған белім зілден ауыр салмаққа.
Құлақ салмас керең дүние мендей мұңлық зар жаққа,
Кімге барып шағынамын,жыламасам аруаққа.
Қанатым жоқ, өткізбейді қияметтің көпірі,
Қуғанменен жеткізбейді қашқан жылдар нөпірі.
Босқан жұрттың қара терден құрғамайды тоқымы,
Бас қаңғыртты тіршіліктің мәнсіз ойран-топыры.
Аспан жайнап тұрғанменен қапалыға қараңғы,
Қайғыменен жібітем бе көні кепкен ғаламды.
Қодардайын қожаңдатып нақұрыс пен наданды,
Үрейленіп өтемін бе ұстауменен жағамды.
Қайырымсыздың келгені де, кеткені де білінбей,
Әрі-сәрі сарсаң етті әзәзілдің тіліндей.
Қамкөңілім тышқан тескен кебеженің түбіндей,
Сорлы өмірім бөле қырыққан ала қойдың жүніндей.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ