Ей, ағайын, кел бері, күдіктенбе,
Шырық бұзар емеспін бүлік пенде.
Аржағыңды отырам көріп-біліп,
Бар мағыңды бірақ та бүгіп келме.
Өзің ішер өзенің ылайланар,
Тас лақтырсаң мендегі тұнық көлге.
Қарап жүріп қазандай өкпең неге?
Түсінбесең түңілме, кектенбе де.
Адасқам жоқ ел аман, жұрт тынышта,
Таласқам жоқ шенге де, шекпенге де.
Менің жұмбақ тағдырым секілді бір,
Тұңғиықтың түбіне шөккен кеме.
Шаршап жеткен жолаушы ем қанша жолдан,
Қас-кірпігім көрінбей шаң-тозаңнан.
Атан тартқан азапты бота көріп,
Азып-тозып,арқа етім арсаланған.
Шөккен кемеге ұқсасам сөкпе мені,
Толқын ұрып бір кезде парша болғам.
Өткен күннің шығармай зарын естен,
Шетен едім жартасты жарып өскен.
Мұсылманнан безініп доңыз баққан,
Аулақ салдым іргемді жарыместен.
Кең аспанның астынан пана таппай,
Ары көшкен қазақпын, бері көшкен.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ