МҰҢДАНБА

Зулайды, зымырайды мына күндер,
Кідірте алар дейсің сірә кімдер?
Осынау кең дүниеден әр пендеге,
Түбінде бұйырары бір адым жер.
Жаз өтер, жарқын күнің күзге айналар,
Біртіндеп көкірекке мұз байланар.
Ойласаң ел тағдырын, жер тағдырын,
Шым етіп қайран жүрек сыздай қалар.
Замана ескіреді, жаңарады,
Табиғат жан береді, жан алады.
Тұрармыз толқын мұжып бітіргенше,
Жаралы жартас құсап жағадағы.
Мұңданба, болсын бізден мұң ауаша,
Жылама, саған біреу жыламаса.
Табандап жатып алар жайымыз жоқ,
Кетерміз өмір «кет!» деп қуаласа.
Өтерміз қысқа жолды қас-қағымда,
Сыр қалар әр мезеттің астарында.
Жас төгер мағынасыз бұлттар ғана,
Жабырқау, жаңа түскен жас қабырға.
Тіл қатпас меңіреу мекен сол бір сұлық,
Іздемес орман сыңсып, жел күрсініп.
Әлдилер мәңгі ұйқының құшағына ап,
Тар бесік–тас қараңғы орның суық.
Тоқтамас, толастамас күндер селі,
Еске алар ессіз болсаң кімдер сені?!
Бізбенен бірге кетсе жарар еді,
Қазақтың қасіретінің бір бөлшегі?
Келсең де, келмесең де келісімге,
Өмірге ризасың сол үшін де.
Жалғанның жарлығынан қашу қиын,
Жарықты жаралған соң бөлісуге…
 
 
 

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *