Ағалар-ай!
Барында аз ғұмырды бағаламай,
Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен,
Жарықта жайнап тұрған самаладай.
Болғанда халық-теңіз шалқып жатқан,
Өздерің шырылдайтын шағаладай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Ауылын пенделіктің жағаламай,
Басына бір төбенің жиналсаңшы,
Андыздап әр бұтаны сағаламай.
Түбінен бір жүректің табылсаңшы,
Бауырды бөліп-жарып, алаламай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Көңілін інілердің жараламай,
Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,
Қатарын бұзбайтұғын бал арадай.
Өздерің қонақтайтын бәйтеректің
Тамырын балталамай, араламай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Тартысып бір-біріңді табаламай,
Шоқыға шығарсаңшы хан көтеріп,
Жақсыңды жарға қуып қамаламай.
Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың,
Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай?
Әттең,ағалар-ай!
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ