МҰХТАР

-Көргендеймін, әулием, сөзіңнен бір саңылау,
Тағдыр бірақ тасмылқау, селт етпейтін саңырау.
Жауға басым байланса, жұртымдікі жүрегім,
Мен-ызалы жолбарыс, құйрығында қоңырау.
Аруақ өзі жұмсаса аянатын не қалды,
Оқ тигендей онсыз да шұрық-тесік омырау?!
Бабам Сұлтан Әзірет Түркістанда қолдасын,
Хан Абылай, Қабанбай жұлқысқанда қолдасын!
Сөз атасы-Майқы би, жыр патшасы-ұлы Абай,
Арсыздармен күнде бет жыртысқанда қолдасын!
Сүйген қазақ баласын, бәйтерегім Алашым,
Бұталса да бұтағың, түп-тамырың солмасын!
Жарылқаса жаратқан, қотыр тайлақ көшке ерер,
Күні бітсе құлайды ханның басын кескен ер.
Құтырынған індеттің ыңғайы жоқ дес берер,
Қойға келсе топалаң, қабатында ешкі өлер.
Тиянақсыз қайран ел алты бақан, ала ауыз,
Жеті басты жалмауыз қайтіп одан сескенер?!
Екі кәпір қосылса көлеңкесі дос келер,
Екі көзі қазақтың бір-біріне өш келер.
Бұйдасына жармасты ұлы көштің о, тоба,
Іші-хайуан,сырты-адам өңкей надан-кещелер!
Қатарымнан айрылсам,қанатымнан қайрылсам,
Соқа басым, селтиген қурайды да ес көрер!

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *