Мешіттің құрылысы бітіп, жамағат үшін ашылу күні хабарланды. Жаңа салынған мешіттің ашылуына қатысу үшін жан-жақтан мұсылмандар жинала бастады. Елдің бәрі мешіттің әдемілігін айтып, салған кісіге саулық пен тәңірдің ризалығын тілеп жатты. Бір кезде халық ішінен бір бозбаланың дауысы естіледі: “Мәссаған, мешіттің мұнарасы қисайып тұр ғой!” Адамдар дереу баланың айтқаны рас па деп мұнараға бет бұрады. Қанша қараса да ешкім мұнараның қисайғанын байқамайды. Баланың айтқандары мешітті салған сәулетшінің құлағына да жетеді. Сәулетші баланың қасына барып, “Ал батыр, қисайып тұрған мұнараны көрсетіп жібер маған”, – дейді. Бала “Әне, анау!” деп мұнаралардың біреуіне көрсетеді. Сәулетші барлық жұмысшыларды жинайды да, ұзын арқандарды мұнараға байлап қойып, “жоғарыға қарай тартыңдар!” деп әмір етеді. Балаға қарап “Балам, қазір сен айтқан мұнараны түзетіп жатырмыз, сен қарап тұр, түзелген кезде айтасың”, – дейді.
Жұмысшылар бірнеше тонна ауырлықтағы мұнараны шынымен де түзетіп тұрғандай арқан тартады. Бірнеше минуттан соң “Болды, енді түзу болды” деген баланың дауысы естіледі. Жұмысшылар арқанды босатып, тарқала бастайды. Жиналған жамағат ішінен бір ақсақал елдің бәрін мазалаған сұрағын қояды: – Бұл мұнараның ешбір қисықтығы болмағанын бәрімізден артық сіз білетін боларсыз. Соған қарамастан неліктен арқан тартып түзетуге бел будыңыз? – Әрине мұнараның ешбір кемшілігі болмағанын жақсы білемін… Бірақ баланың санасындағы “мұнара қисық” деген ойын түзетпей қоя да алмады. Арқан тартпағанымызда, ол бала ойлағанынан қайтпас еді. Өзі сенген нәрсені де барған жердің бәрінде айтып жүріп, көп ұзамай халық арасында мұнара расында да қисық деген сенім тудырар еді.