«ЖҰМЫСШЫ» -қазақ жұмысшыларына арналған тұңғыш мерзімді басылым. 1928 жылдың мамырынан 1929 жылдың мамырына дейін Қызылорда қ-нда, осы жылдың қыркүйегінен 1930 жылдың тамызына дейін Алматыда жарық көрген. Таралымы 11 мың дана болған. Газетте шет елдердегі жұмысшылар қозғалысы, Кеңес Одағында және Қазақстанда болып жатқан жаңалықтар, өндіріс жайы, жұмысшылар тұрмысы жан-жақты жазылған. Газет оқырман хаттарын жариялап, әр түрлі сауалдарына жауап жазып, қазақ жұмысшыларының ой-санасын оятып, мәдени-білім дәрежесін кетеруді мақсат еткен. «Ж.» газетінде Ә.Байділдин, Ә.Айсарин, О.Беков, Б.Майлин, Ғ.Малдыбаев, К.Әбдіқадыров, М.Боранбайұлы, Ә.Тәжібаев, С.Мұқанов, Қ.Тайшықов, А.Тоқмағамбетов, Ж.Сыздықов, І.Құрамысов, Ж.Тілепбергенов, Е.Қалымбетұлы, т.б. қаламгерлердің әр түрлі жанрдағы шығармалары жарық көрген.