«ХОТЕЛИ ЛУЧШЕ, НО ПОЛУЧИЛОСЬ…»

 

Бүгін әлеуметтік желіге кіріп қалсам, жаңа Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раимқұлова бұған дейін айналымға еніп кеткен сынып, пайыз, әнұран, үдеріс, мәселе, әлеует, оташы сынды бір 300-ден астам халықаралық термин сөздерді қайтадан «түпнұсқасына» қайта оралтып, бекітті деген әрекетіне наразылық өршіп тұр екен.
Енді осыған тоқталайық. Әділетін айту керек, министрдің әу бастағы халықаралық терминдерді аудармай, түпнұсқа күйінен біздің тілдің заңдылығына сәйкес, дыбыстық (ӘРІПТІК ЕМЕС!) тұрғыда сіңіру деген идеясы дұрыс. Бірақ, бұл идеяны орындау процесі (үдерісі десек те қате емес) кезінде бірқатар қателіктер орын алған. Біріншіден, бұл норманы осы уақыттан кейін айналымға енетін сөздерге қолдану қажет еді. Бұған дейін бізде баламасы болмаған сөзді түпнұсқадан қалай дыбыстық икемдеп ала берсең де, айыбы жоқ. Екіншіден, ең үлкен қателік – бұл норманың екі онжылдық шамасында аударылып, айналымға еніп кеткен сөздерден бас тарту арқылы жүзеге асуы. Үшіншіден және ең сорақысы, бұл сөздердің орыс тілінің транслитерациясындағы сөздерге ауыстырылуы. Айналайындар-ау, «Архив» деген халықаралық термин жоқ, «archive» (ачив) деген термин бар. «Проблема» деген термин жоқ, «problem» (проблем) деген термин бар. «Потенциал» деген термин жоқ, «Potencial» (Пөтеншіл) деген термин бар. «Процент» деген термин жоқ, «Percent» (Пөрсент) деген термин бар. Тура осында мысалды ұшы-қиырсыз келтіре беруге болады. Сіздерге сұрақ: сонда біз қай «түпнұсқадан» алып жатырмыз??? Өздеріңіздің қоластыларыңыздағы мамандардың шамасы келмесе, сұрамайсыздар ма? Мынау не масқара???
Егер, реформаға құмартып бара жатсаңыздар, осылай дұрыстап, түбегейлі түпнұсқадан ЖАЗЫЛУЫН БҰЗБАЙ алып, дыбысталуын икемдеп ала берсеңіздерші.
Енді мәселені қалай шеш керектігіне қысқаша тоқтала кетейін (арнайы үлкен постты кейінірек жазамын). Ол үшін, біздің қабылданған сақау латын графикасынан толық бас тартып, 26 әріпке негізделген классикалық латын графикасына негізделген жаңа әліпби қабылдауымыз керек (дайын үлгі бізде бар). Екіншіден, транскрипшін жүйесін енгізу керек. Сонда, сырттан кірген терминдер мен кірме сөздерді ешқандай проблемсіз қабылдап, ДЫБЫСТАЛУЫН біздің тілдік заңдылықтарға икемдеп, қабылдай береміз. Үшіншіден, бұрын сәтті аударылып, сіңіп кеткен сөздерге қырғидай тиюдің қажеті жоқ. Мәселені, бұған дейін бізде болмаған «Қазақ тілінің стилистикалық сөздігін» жасау арқылы оп-оңай шеше аламыз. Нәтижесінде, бір мағынаны білдіретін «инфомейшін», «ақпарат», «дерек», «мәлімет» сөздерінің қай салада (ғылым, публицистика, көркем әдебиет, криминалистика) қалай қолданатынын реттеп, жүйелеп аламыз. Ал, бұлай, тұтас бір стилдің лексикологиялық қорын толықтырып тұрған сөздер қатарын бір бұйрықпен жоққа шығара салуға болмайды, ағайындар!

P.S. Әзірге асығысыс қысқаша жазғаным осы, достар! Сәл кейін, дұрыс реформаны қалай жасау керектігін толықтырып жазатын боламын!

Нұраддин Садықов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *