«ЖАЗУШЫ»-Қазақстандағы, негізінен, көркем әдеби шығармаларды басып шығаруға маманданған баспа. Қазақ мемл. баспасының жастар мен балалар әдебиеті, көркем әдебиет бөлімдері негізінде 1933 ж. Қазақ көркем әдебиет баспасы құрылып, ол Қазақстан Жазушылар одағына қараған. Баспаның тұңғыш директоры Ғ.Мүсірепов болған. 1941 ж. 26 қаңтарда респ.-дағы барлық кітап баспалары біріктіріліп, «Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы» атанғанда. «Ж» баспасы да соның құрамына кірген. 1950 ж. қаңтарда одан «Казақтың мемл. көркем әдебиет баспасы» бөлініп шығып, ҚР Мәдениет мин-гінің қарамағына берілді. Ол 1964 жылдан бастап «Ж.» баспасы аталып,ҚР Мин. Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемл. к-тіне қараған. Құрамында проза мен поэзия, көркем аударма, балалар мен жастар әдебиеті, музыка мен өнер әдебиеті бас редакциялары бар. «Ж.» баспасы қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде көркем әдеби шығармаларды, әдеби зерттеулер мен көркем әдеби сын жанрындағы еңбектерді, музыка, көркемөнер туындыларын, альбом,буклет, әдеби күнтізбелер, т.б. шығарып тұрған. «Жалын» альманағы алғашқы жылдары осы баспаның жанынан жарық көрген. Әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған М.Әуезовтің «Абай жолынан» бастап, қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті қаламгерлердің алғашқы туындылары, таңдамалы жинақтары, көп томдық кітаптары осы баспадан жарық көрген. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, көп уақыт оқырманнан қол үзіп қалған қазақ әдебиетінің арыстары А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы, т.б-лардың шығармалары авторлары ақталғаннан кейін алғаш рет осы баспадан оқырман қолына тиді. Халықтың ауыз әдебиетінің асыл мұралары,жыраулық әдебиеттің үздік үлгілері, Абайдың, Жамбылдың шығармалары «Ж.» баспасынан сан рет басылып шықты. Әлем әдебиетінің көптеген классиктерінің туындылары осы баспадан қазақ тіліне аударылып,республикаоқырмандарының рухани қазынасына айналды. Баспаның директоры болып әр жылдары І.Есенберлин, Ә.Жұмабаев, С.Мұратбеков, М.Сқақбаев секілді көрнекті жазушылар қызмет істеген. 1976 ж. қаңтарда «Ж.» баспасының балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының негізінде жаңа әдеби баспа»Жалын»құрылды. 1999 ж. жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылды.