ЖАЗБА АЙТЫС-ерте заманда Шығыс поэзиясында, атап айтқанда, араб. парсы, моңғол әдебиетгерінде болған үрдіс. Шығыс елдерінде көне заманнан келе жатқан осы айтыс дәстүрі 20-ғасырдың бас кезінде қазақ арасында кең тарады. Ж. а. ауызша айтыстың жалғасы іспетгі. Ж. а. сауаттылыққа, тапқырлыққа, көркем бейнелеуге, ой ұшқырлығына тәрбиелейді. Сауатты ақындар жұрт алдына шықпай, хат арқылы сөз айтысына түсті. Бұл айтыс Қазақстанның оңтүстік өңіріне кеңінен тараған. Егер ауызша айтысқа екі адам қатысса, Ж. а.-қа кейде бірнеше ақын араласады, айтыс ұзап кетсе, сырттан біреу тоқтау сөз салып,төрелік айтады. Мыс., Т. Ізтілеуұлы Кете Жүсіп пен Даңмұрынның, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіптің айтыстарына аралық сөз айтып, тоқтау салған. Жұмбақтап жазып айтысу әдісі де бар. Оған Ізтілеуовтің Ш. Жәңгіровке он бір буынмен жазған жұмбақ өлеңін айтуға болады. Ал. Ырысты мен он алты ақынның айтысы да жазу түрінде хатқа түскен айтыс. Мұнда қара өлең формасы мен ғазал араласып келеді.