ДИЯ Ахметұлы (1.3.1871. Қарағанды обл. Шет ауд. Ақшатау а. -13.6.1931. Қарқаралы қ.) -ақын. Есімі мен шығармалары ел есінде сақталып келген. Кеңес дәуірі кезінде Д-ның көзқарастары саясатқа сәйкес келмегендіктен әдебиет тарихына енбей қалған. Жоңғар шапқыншылығынан елі мен жерін қорғаған Жарылғап батырдың ұрпағы. Оқу жолындағы ізденісін ауыл молдасынан бастап,Уфадағы медресені тәмамдаумен аяқтайды. Стамбұл қ-нда болып, кітапханасындағы мол мұралармен танысады. Д. арнаулар мен толғаулар шығарып,айтыстарға қатысқан. Арнаулары
мысқылға, кекесінге құрылған. «Бабасқа», «Түсетайға», «Сапарғалиға» деген өлеңдерінде жеке адамдардың кескін-кейпін бейнелесе, «Ағайынға», «Туған жер» толғауларында елдің тыныс-тіршілігін шыншылдықпен суреттейді. Бабас ақынмен айтысы (1923) өткір тілмен, шындықты бетке айтқан турашылдығымен ерекшеленеді. Д. өз өлеңдерінде ауыз әдебиетінің шағын жырларын (қоштасу, жоқтау. т.б.) байытуға мол үлес қоса білді.