«ДАЛА УӘЛАЯТЫНЫҢ ГАЗЕТІ»- 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін Омбы қ-нда қазақ, орыс тілдерінде «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған ресми газет. Оның жарыққа шығуы 1882 ж. құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кірген Дала ген.-губернаторлығының құрылуымен байланысты болды. Газеттің басты мақсаты жергілікті халықты үкімет жарлықтарымен таныстырып отыру болды. Қазақшасының редакторлары — Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин. Газеттің ресми бөлімінде патша үкіметінің, жергілікті ұлықтардың бұйрық-жарлықтарын, заңдарын, әкімш. басқару істерін жарияласа, биресми бөлімінде Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов туралы деректер. Қазақтың сол кездегі оқыған ойшылдары, зиялы ғалымдары Абай, Шәкерім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Д.Сұлтанғазин,А.Құрманбаев, Р. Дүйсенбаев, Ә.Бөкейханов, С.Шорманов. т.б-лардың шығармалары, мақала-хабарлары, хаттары, олар жинаған әдебиет нұсқалары басылды. Сонымен бірге қазақ халқының сол кездегі саяси-әлеум.,мәдени-ш. хал-жайы,өткен тарихы, ауыз әдебиетінің ертедегі нұсқалары («Қозы Көрпеш -Баян сұлу»,»Нәрік батыр»,»Еңлік -Кебек», «Бозжігіт», Алдаркөсе,Жиренше шешен,Қожанасыр аңыздары. Шығыс сюжеттері «Мың бір түн»,»Шаһнаме», «Фархат -Шырын»), мақал-мәтелдер, жұмбақтар, орыстың белгілі ақын-жазушыларының кейбір шығармаларынан аудармалар жарияланған. «Д. у. г.» басында көлемі 1/2 б. т. болып 4 бетке басылып тұрған. 1888 жылғы 8-санынан бастап газет көлемі көбейтіліп тұтас бір баспа табаққа жетіп,8 бет болып шыға бастаған. 4 беттік сандарында газет беті екі бөлікке бөлініп басылған. Сол жақтағы 1 -бөлігіндегі араб әріптерімен жазылған қазақша мақалалар,оң жақтағы 2-бөлігінде орыс тіліндегі материалдар басылған. Ал 8 беттік нөмірлерінде алғашқы төрт беті түгел қазақша,қалған төрт беті орысша басылған. «Д. у. г.» аптасына бір рет шығып тұрған. «Д. у. г-нің» түпнұсқадан түсірген фото-көшірмелері Қазақстанның Орт. ғыл. кітапханасының сирек кітаптар бөлімінде сақтаулы. Сол фотокөшірмелер негізінде Ү.Субханбердинаның құрастыруымен «Д.у.г-нің» материалдар жинағы 150 б.т. тұратын 5 кітап болып басылып шықты.