«ҒЫЛЫМ» -республикалық ғылыми әдебиеттер баспасы. Қазақстан ҒА Төралқасының шешімімен 1946 ж. Алматыда ұйымдастырылған. 1992 жылға дейін «Наука» баспасы аталған. Алғашқыда редакциялық баспа кеңесін Қ.Сәтбаев басқарған. Тұңғыш директоры Б.Я. Нинбург. 1948 ж. 17 қарашада Қазақстан ҒА-ның дербес баспасы ретінде қайта құрылды. 1962 ж. Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемл. к-тке карасты ғыл. әдебиеттер шығаратын баспаға айналған. 2001 ж. ҚР Білім және ғылым мин-нің «Ғ.» баспасы болып қайта құрылды. «Ғ.» -республикадағы ең ірі баспалардың бірі. Полиграф. базасы, өз баспаханасы бар. Негізінен, ғыл. монографиялар мен жеке және ұжымдық ғыл.-зерт. жұмыстарын, ҰҒА-ның журналдарын, ғыл.-көпшілік, ғыл.-көркем, сондай-ақ, танымдық әдебиеттер, әр түрлі салалық сөздіктер мен анықтамалықтар шығарады. 1946 -2000 ж. «Ғ» баспасынан қазақ, орыс, ұйғыр және басқа халықтар тілінде 31 млн-нан астам данамен 13307 кітап пен журналдар жарық көрді. Баспа шетелдік әріптестерімен тығыз кәсіби байланыс орнатқан.