«ҒАЯР ҚАТЫН»-дастан. 7-8 буынды жыр үлгісі түрінде, кейде 11 буынды болып келетін қара өлеңүлгісінде құрылған. Жырды халық ақыны С.Керімбеков Қозыбағар деген ақыннан 1935 ж. жазып алған. «Ғ.қ.» дастанының сюжеті -Шығыс және Батыс әдебиеттеріне ерте дәуірде кеңінен тараған көне үнді фольклорынан бастау алады. Дастанның кззақ халқының арасына тараған үлгісінің негізгі тақырыбына -теріс жолмен баюды көздеген аяр әйелдің күйеуімен бірігіп істеген түрлі істері, елді арбап, алдауы негіз болады. Дастанның қазақ әдебиетінде қалыптасқан үлгісінің сюжеті -көне үнді фольклорындағы және әлем әдебиетіне тараған нұсқасынан көп алшақ кетпеген. Дегенмен шығыс халықтары әдебиетінде «Ғ. қ.» дастанының қарасөз түрінде келіп, новеллалық, хикаяттық формада кездесетін үлгісі де бар. «Ғ. қ.» көптомдық «Қазақ халық әдебиеті» жинағының 13-томында (1990) жарияланған. Толық қолжазба нұсқасы Орт. ғыл. кітапхана қорында сақтаулы.