«БІРЛІК ТУЫ» -газет. 1917 ж. 24 маусымнан 1918ж. сәуір айының ортасына дейін Ташкент қ-нда аптасына 1 рет шығып тұрған. Негізінқалаушы әрі алғашқы редакторы -Мұстафа Шоқай. Газетті шығаруға Қ.Болғанбаев пен С.Қожановтар қатысқан. Газет 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай, сондай-ақ, ел ішіндегі әлеум.-экон. ахуал туралы хабарларды жариялап, елді бірлікке шақырып, азаттық жолындағы күрестің жаршысы болды. Газет қазақтардан басқа қырғыз, өзбек, татар, т.б. түркі халықтарының арасына кең тарады. 1917ж. тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезі баспасөз туралы мәселе бойынша «жаңадан шыға бастаған «Бірлік туы » барша қазақ-қырғызға ортақ болсын» деген қаулы қабылдаған. «Б. т.» Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметіне қолдау көрсетіп, бұл жөнінде «Түркістан автономиясы», «Бостандық һәм автономия», «Қоқан шаһарында болған жалпы мұсылман съезінің қаулылары», «Сырдария қазақ-қырғыз съезі» деген мақалалар жариялады. «Б. т.» кеңестік биліктің Түркістан өлкесінде орнығуына наразылық танытып, оның таптық негізді басшылыққа алған саясатын сынайтын «Кім дос, кім қас?», «Өзіміздің большевиксінгендерге», «Қазақ халқының дұшпандары», «Тұла бойы қан сасиды», «Қоқан қырғыны», т.б. мақалалар жариялаған. Газет Кеңес өкіметі тарапынан жабылған.