Дәлдүріш
Жырынан
Қорықты.
Сүйінді –
Көзінің жасымен,
Кеудесін керемет жыр қысып.
Күйінді –
Бекзада басымен
Бейшара пендемен бірге ішіп…
Біз тудық,
Сусыны у болып,
Топан су толғанда тоғанға:
Адамның милары су болып,
Жүрегі тас болған қоғамда.
Мұсылман кәпірге шоқынып,
Тексіздік төбеден қарады.
Құл-құтан таққа кеп отырып,
Ханзада қаңғырып барады.
Тұғырың – тұлпарға бергісіз!
Арғымақ ат қайда кекілді?!
Құдай – кім?
Құлың – кім?
Белгісіз!
Дарынсыз – данышпан секілді!
Арамза – қағынған төсегі,
Алашта ақынға өш еді.
Күл-көмеш болды да көсемі,
Өршіді өрт – қатын өсегі.
Ол көрді біз көрген сан қыртты,
Қотыраш құм шашып көзіне.
Алашқа керексіз жәндікті
Алла да
Алмайды
Өзіне!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК