Біз байғұстың суретін жұрт көкке ілсе,
Ғұмыр бойы түспейтінін білмей ме?
Жұматай.
Жұматай дәліздің алдындағы айна алдында
тұр екен.
– Келші қасыма, – деген қоңыр үні құлағымда.
– Объективке қарасаң да, айнаға қарасаң да
бәрібір емес пе. Түу, әдемі екенбіз ғой…
Ол маң-маң басып шығып бара жатты.
Қайда бара жатқанын айтқан жоқ.
От құйғандай екі көзі ұшқындап,
Буырқанған бір мұңды ойы іш тырнап,
Жұма-ағам тұр айна алдында күлімдеп,
Өзін-дағы,
Өзгені де мысқылдап.
Жан-жағымнан күдікті ойлар қамап кіл,
Мен де келем адымымды санап бір:
Екі Ләйлә ғашық болған бір кезде
Екі жігіт
Екеумізге
Қарап тұр!
Қылжағы ма, шыны ма, әлде оны әлі
Білмеймін мен…
Көзі нұрға толады:
– Түу, әдемі екенбіз ғой… Бізге енді
Суретіңе түспеуге де болады!
От құйғандай екі көзі ұшқындап,
Буырқанған бір мұңды ойы іш тырнап
Маң-маң басып шығып бара жатты ағам,
Өзін-дағы,
Өзгені де мысқылдап.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК