Кезі келсе Мұхтарды да мұқатып,
«Сәтін» тауып Сәкенді де құртады!..
Мінбелерге шығып алып амалдап,
Сол шешендер қызыл тілі жалаңдап –
Рахатқа бататыны бар тағы
Ілияс пен Бейімбетті жамандап!
Күлкілі ғой, күлкілі ғой, күлкілі!
Күлеміз деп жылаймыз-ау бір түбі!
Кім көріпті мұндай сайқал түлкіні:
Есімдерін өзі құртқан ел жайлы
Естелік те жаза алады бір күні…
Кешір, аға… Кеше гөрші, Ардағым!
Отаны жоқ опасызда бар ма мұң:
Жеңдерімен көзін сүртіп соғып тұр –
«Жеке адамға табынудың зардабын!»
Көрген емес тығырыққа тіреліп,
Іштерінен бір тіріліп, бір өліп.
Қабақтарын түйіп алған қарс жауып
Қасымды да қабылдамай жіберіп…
Қашан, бірақ соған іші налыды?
Жасынға кеп жанын қашан жаныды.
«Маскүнем» ед Мұқағали кеше оған –
Ақын екен…
Енді ғана таныды!
Ізгілікті ішіп-жеген көздері,
Абай айтқан: «Шошқа туар сөздері».
Нәсіл де жоқ, ұлт, халық та жоқ онда –
Өздері бар.
Тек – өздері!
Өздері!..
Жазушылар одағында жүр олар,
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК