– Жап аузыңды! Тіл тигізбе халқыма!
Жете алмайсың сен халқымның парқына!
– Ессіздердің бәрі де осы ел десе…
Түс аспаннан! Сөйлесеңші пендеше!
Надан неме… Сүйесің сол тобырды…
Саған неге жала жапты ендеше?!
Осыны айтып сақ-сақ күлді Атаман,
Түсіңде де ұйқтатпайды жат адам…
Неше түрлі ойлар түйдің ішіңе,
Көз жеткендей зілзаланың күшіне,
Енді, міне… өңіңдегі Әзәзіл
Мазақтайды кіріп алып түсіңе!
ІІІ
Алай-түлей дауыл ойнап көңілде
Неше түрлі сұмдық көрдің өңіңде:
Жата бердің шыдап, мүмкін, содан ба?
Ал мына түс… қорқынышты одан да?
Өңіңде сен сарбаздарға ілестің.
Көрдің талай теперішін тірестің.
Зілзаламен, қайран ақын сол кезде
Түсіңде де келіп кетті күрескің!
Тұла бойың – тұнып тұрған келісім…
Көргің келмей жетесіздің жеңісін –
Түсіңде де Пәктік үшін қан төгіп,
Азап шегу – арман еді Сен үшін!
Қандай ғана кінәң бар еді, жолдас, ә?
Құдайың да құл-құтанды қолдаса –
Ел-жұртың да еңселі боп тұрған соң
Тәкаппарлау жүретінің болмаса?
Пірің еді – Ұлы Ленин, дана Абай.
Дала ұлы едің. Көңілің де даладай.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК