Неге үнсізсің! Тіл қатсаңшы балаңа,
Бауырыңа, Сарыарқаңа, Далаңа!
Тәнің өліп кеткенімен, санада –
Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан-аға?!!
Міне, менің жан сырым – жыр-өлеңім,
Бар болғаны – Көз Жас едім. Көл едім…
Қара Дақ жоқ ойымда һәм сөзімде
Мен жоқ едім ессіздіктің кезінде:
Елуінші жылы туған төл едім.
Серік етіп сенің Муза – құсыңды.
Көзімді ашып, көрдім сұлу мүсінді.
Ошағыма, Отаныма мәңгі ие –
Ұрпақ екем, Ұрпақ деген – Әулие:
Айтайын ба сонда көрген түсіңді?
…Тар жол, тайғақ кешулердің ішінде
Шаршап ұйықтап кетіп едің қалжыраған пішінде.
1937…
Қорқынышты түс көрдің.
Түсіңде –
Жүр екенсің өршіген өрт–жалында,
Анненковтың азап вагондарында…
Ұйқтап жатып өзіңе-өзің таң қалдың.
Сен шамдандың… неменеге шамдандың?
Соңыңнан сол шырақ ұстап қалмай қойған
Жандардың.
Әбжыланнан аумайтынын аңғардың!
Қайран жаның қашан табар миятты?
Кеудеңнен бір күңіренген күй ақты.
1918-дің қасіреті – түсіңде
Қайталанған сияқты!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК