Әзір тұр әлем ұшуға

Әзір тұр әлем ұшуға,
Мастарға ұқсас – бұл күйде:
Алыста – көздің ұшында келеді ағып бір күйме!
– Былай тұр! Мынау қасқыр ма?!
– Көрейік дейді – біздер де!
– Көрмесек – жұрттың астында өлейік дейді – біздер де!
– Кетсең – кет, әрі! Қақсама! –
Деп біреу шықты батыл-ақ –
Немене?! Сенен басқада көз жоқ деп пе едің, ақымақ?!
Жетуге, әне, шақ қалды!
Көздерде жанып, лаулайды от!
Парлаған ақ боз аттары қанатты аққулардай боп –
Кеп қалды күйме атылған оқ сынды, шаңды сапыра,
Ішінде оның отырған падиша –
Клеопатра!
Дүр етіп, – Әне, сол! – десе,
– Жатыңдар! – дейді ел.
– Жатыңдар!
Келбетін оның көрмесе жынданар мына пақырлар!
Кім көрген қызық тап мұндай,
Көзіңе тамшы үймелер:
Пыр етіп ұшқан аққудай зыр ете түсті күймелер!
Өң бе – бұл? Түс пе? Жат бәрі…
Бұлдырап кеткен ар жағы:
Арғымақ ақ боз аттары – тек қана есте қалғаны.
 
Елес пе? Жын ба? Не тегі?
Жарқырап қылыш, қанжары,
Қаптаған қалың нөкері – тек қана есте қалғаны.
Тек қана есте қалғаны, –
Арманы болған ақынның, саф алтын сынды
Күн түсі –
Тәкаппар патша қатынның ғажайып сиқыр күлкісі…
Кетті ме бәрін күлкі етіп?
Тек қана есте қалғаны:
Көздерін жапқан бұрқ етіп шұбырған
күйме шаңдары…
– Періште! – десті. Теріс пе?
– Жер–Ана сынды бейішке
Аспаннан бір рет түсед те, кетеді ұшып – періште!
 
…Біраз жыл өткен қайырлы.
Ат ойнап елде қашты аңыз.
Тағы бір дақпырт жайылды:
– Босанып жатыр патша қыз!
– Мысырдың ұлы бағына кім тумақ?!
– Айтшы, кім?! – деген –
Сарайдың алды тағы да қаптаған пенде.
Гулеген…
Аң-таң ғып сонда бар жұртты,
Тұғырдан ұшқан қырандай
Аспанның астын жаңғыртты тағы
бір дауыс мынандай:
– Сүйінші, халқы қаланың!
Ішіңдер шарап, сапыра!
Әкесі – Цезарь баланың!
Шешесі – Клеопатра!

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *