Өкпең де тарқап, жылауың,
Елге кеп, майдай еріп ең –
Абылай, Бұқар жырауың
Аунап түсті көрінен.
Ат айналып,
Қазығын тапса күнә емес,
Алтын бекетке жетем деп.
«Ақсарбас» айтам мына көш –
Соңғы көш
Болса екен деп!
* * *
Алаш Анам – ғаламның қара нары,
Ит те, құс та жүрегін жаралады.
Оған қайтсін алаң боп, ақыл ойы
Асқазаннан аспайтын балалары.
Алаш Анам – адамзат бал арасы.
Дауда қалды қалқайып қара басы.
Соқтықпасын өзгенің қояншығы,
Өзінің де көп дімкәс шаранасы.
Ақыл айтып біреулер, шатып әрі,
Миын неге анамның қатырады?
Ақымағын қайтеді ол өзгелердің?
Өзінің де жетеді ақымағы…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК