ӘЙЕЛДЕР

Аспаннан жұлдыз қарап тұр,
Ай қарап тұр.
Жерде өңшең пенделер: бай,
Манап,
Құл.
Бай, манап, құл деп бізді алаламай,
Алла нұры армансыз аймалап тұр.
Нұрға қалқып қыс қыстау,
Гүл шаһары,
Адамзаттың аппақ боп бұл сапары, –
Арда емгендей сіміріп еміреніп,
Аймалашы Алланың нұр шапағы!
Қазір бізде шер де көп, уайым көп,
Жүрегімнің кір-қоңын жуайын кеп,
Жүрегімнің кір-қоңын жуайын деп,
Жүрем кейде қайтадан туайын деп.
Нұрыңа, Алла, қай пенде ырза болмас,
Мені мынау қаладан қырға ала қаш:
Ақжарыққа анамнан туғандай ғып,
Алып бар да шомылдыр тыр жалаңаш!
Жарық дүние бусын да тілді мұңды,
Бір күнім кеп ұзартсын бір күнімді.
Халифа анам қайтадан босансын да,
Айкен апа кессе екен кіндігімді!
Осында кеп тағдырым түйіскесін,
Оңбағаны қайыра тиіспесін.
Қара жерден Ақсұңқар көтеріп ап,
Қайта-қайта маңдайдан иіскесін.
Қайта келіп жолықсын Ғалияң да,
Бекзат болып кетермін байып онда.
…Махаббатпен ғана Алла нұрын төгіп,
Тұрады екен біз сынды хайуанға.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *