Алдымызда айтар асқақ сөз әлі,
Қайран уақыт бізден де әрі озады.
Ақырғанда асау бура замана,
Ақындардың арқасы да қозады.
Ақын біткен айтар сөзін тауысып,
Жаңғыртқанда біркелкі үндер тау ішін.
Маңғыстауға жалт қарайды Алатау
Естіп бала Темірханның дауысын!
Сонда қалай, көніп қасаң сүреге,
Бұл буын да бізше ғұмыр сүре ме?
Топас шәйір астанада алшаңдап,
Тұрсындарың қой соңында жүре ме?!
«Романым – ер құны деп – ел мұны»
Жазып жатқан шығар біреу ендігі.
Өтежандар шығатұғын өңірден,
Өтеннің де шығатыны белгілі.
Кісі таппай осыларға қой дер бір,
Дүбірлетіп жөнелгенде дөйлер кіл, –
Еркек біткен үнсіз қалса, Алаштың
Ең құрыса бір әйелі сөйлер бір?!
Ауыл менен астананың арасы,
Қанша қашық дегенменен, қарашы;
Асқақ қарап тұрған Алатауынан,
Абайың да
– Шыңғыстаудың баласы!
Жүрегімді сол Семейдің оты ұрып,
Өмір сүріп келем өксіп, өкініп.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК