Қызыларайда – сәби күн, бозбала күн

Қызыларайда – сәби күн, бозбала күн
Қалып қойды, онан сан озған ағын.
Боздау әнін айтатын қасыма кеп,
Бозторғайы бар осы боздаланың.
Аспанымда тұрып ап, құлай барып,
Ойрантау мен Ақсораң былай қалып –
Сол бозторғай мен тұрған қалаға кеп,
Басымда әлі ұшып жүр шыр айналып.
«Тауыңа кет – деймін мен – тасыңа кет!
Отырады – кетпейді, қасыма кеп.
Барға-дағы менімен бірге барып,
Қонатынын қайтесің қасыма кеп.
Айтып жатыр шырылдап көкке нені,
Тасбауыр еді осынша неткен елі?
Ол да менше даланы сағынады.
Ол да менше қаланы жек көреді.
Басы – алтын, Алаштың, бастауы – ұлы.
Бірақ қазір неге мәз мас қауымы?
Бәріміз де тасбауыр елден өсіп,
Елге келдік жібімес тас бауыры…
Екеуімізде Ақсораң – тау ұлымыз,
Бауыры – жаз, басы – қыс, сауыры – мұз.
Қызыларайды көргенде ылғи біздің,
Жібіп қоя береді бауырымыз.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *