Мына бір қой – айналма

«Мына бір қой – айналма,
малға қоспай, шіркін, бөлек байлар ма?» –
Сайғақ құрлы сая таппай қазақтан,
Төлеужан жүр қой күзетіп Қайнарда.
Қалтасында – жыр, кеппеген сиясы,
Көз алдында – Сарыарқаның қиясы.
Көкірегінде –
«Американ трагедиясы».
Терең ойға түсіп кетті ол тағы,
Қорланады қомсынып бұл ортаны.
Тірі адамнан айыл жимай өскен-ді.
Мына ауыл завфермеден қорқады…
Ащы өксік – көмейде.
Ел-жұрт тыныш, түгел сынды кеней де.
Пушкин бүгін үнсіз қалып… тіксініп –
Пушка сөйлеп жатыр қазір Семейде.
Бітті… халі таусылды.
Тірі пенде естімейді даусыңды.
Атасының асы құсап сімірсе
Ата жұрттың арағы да бал сынды…
Қарағанда сонау жақтан Ай налып,
Жабады оның ару жүзін қайта бұлт.
Қылыш беріп оққа салар баласын,
Боққа салып – қазақ отыр найқалып.
Жылдар өтер жырша кезіп даланы,
Таланың – зар, арағың да – бал әлі.
Қылыш беріп отқа салар баланы,
Әлі қанша өстіп боққа салады?!
Құсады.
Жейді.
Ішеді.
Адам емес, адамға ұқсас түс-өңі,
…Хайуандықты туа аластап, зіркілі,
Ғайса көктен түседі бір… түседі!
Жеткізбейді – асыл Абай шыңы әлі.
Алла Алашты етегінде сынады.
Көкке естіліп күңіренген күркірі,
Жерден Мәді шығады бір… шығады!
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *