«Бекет батыр» -тарихи жыр. Жырда қазақ халқының отаршылдыққа қарсы көтерілісі жырланған. Қазірге дейін 7 нұсқасы белгілі. Соның екеуі Қазан төңкерісіне дейін жарияланған (И.В. Аничков «Памятники киргизского народного творчества. Киргизская былина о героях Ирьназара и Бекете» Қазан. 1896,көлемі 68 жол; Ә. Диваев «Бекет батыр» Қазан. 1897,көлемі 600 жолдай): Аничков жариялаған нұсқаның жолма-жол аудармасын Т.Шоханова,әдеби өңдеуін А.Никольская жасап,оны тарихи поэма деп бағалаған. Орыс актрисасы Н.П.Анненкова-Бернар «Бекет» (1922) атты пьеса жазып, Орынбор губ. театрында қойған. Орт. ғыл. кітапхана қорына халық мұрасын жинаушы М.Құсниұлы 1941 ж. жырдың 190 жолдай көлемде толғау түріндегі нұсқаны тапсырған. 1936 ж, тапсырылған нұсқаның (көлемі 300 жолдай) мазмұны мен оқиға желісі Аничков жариялаған нұсқаға ұқсас. Ал А.Мыңбайұлы тапсырған нұсқа 350 жолдай, бұл алдыңғылардан едәуір өзгеше. «Бекетбатыр» кей ретте «Ерназар-Бекет» болып та кездеседі. «Бекет батыр» тарихи жыр аталғанымен, фольклорлық шығарманың синкреттілігін бойына сіңірген. Онда лиро-эпостың, балладаның, лирикалық және тұрмыс-салт өлеңдерінің нышандары да ұшырасады. Фольклорлық туынды үшін жыршылардың батырлар жырына еліктеушілік ықпалы қайшылық тудырмайды. Жыржөнінде М.Әуезов, С.Мұқанов, К.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов еңбектерінде айтылады, Әуезов 1942 ж. осы жыр негізінде 4 актілі драма жазды.