БАРМАҚ,буын уәзіні -әр жолындағы буын сандарының біркелкі келу заңдылығына негізделген түркі тілдес халықгар поэзиясының өлең өлшемі. Бұл жүйедегі өлең құрылысы тек түркі тілдес халықтар поэзиясында ғана емес, сондай-ақ, француз поэзиясында, кейбір славян тілдес халықтар поэзиясында ертеден қолданылып келе жатқандықтан оны әдебиет теориясында силлабикалық (грек. силлабо -буын) өлең деп атау қалыптасқан. Түркі тілдес халық поэзиясында ертедегі ауыз әдебиетінен бастап бүгінге дейін осы өлең жүйесі қолданылады. 11 ғ-да жазылған Махмұт Қашқаридің «Диуани лүғат ат-түрк» кітабындағы өлендер де Б. өлшемімен жазылған. Кейбір халықтардың (өзбек, әзербайжан, т.б.) жазба поэзиясында араб-парсы үлгілеріне еліктеу негізінде аруз өлшемі қолданылып келді. Арузда буынның саны емес, сапалық өзгешелігі, яғни, ұзынды қысқалы буындардың белгілі ретпен кезектесіп келуі алдымен ескеріледі.